Жолдау жүктеген міндеттер

Отандық өндірістің әлеуетін барынша арттыру – экономикалық өсімнің кепілі, яғни тұтастай ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында осы саланы жедел жетілдірудің маңызына жіті тоқталды. Бұл орайда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру мақсаты тұр. Президент аталған бағытта өндірістік жобалардың нақты тізімін жасауды жүктеді. Ауқымды бастамалар үш жылдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл міндет елімізде жаңадан құрылған өндіріс және құрылыс министрлігінің мойнында. 


Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
-Енді жаңа министрден сол 15 жобаның тізімін күтеміз. Себебі бұл жерде менің ойымша мемлекетімізде прогматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Мемлекетімізде өзінің шикізаты бар, өзімізде мамандар бар салалардан таңдап, қаржы институттары бар, инвесторлар қаржысы бар, соның есебінен менің ойымша осы жобаларды іске асыру керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен экономикамызды өндірістің каркасы деді. Соны жасауымыз керек деді ғой. Менің ойымша ең бірінші экономикамыздың локомотиві өндірісті дамытпай біздің жаңа экономикалық моделді құру өте қиын.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан елдің енді бір стратегиялық міндеті – көлік-логистика саласының әлеуетін толықтай кәдеге жарату. Президент бұл бағыт та экономикамыздың басты драйверіне айналуы тиіс, - деді. Алдағы 3 жылда саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесін кемінде 9% жеткізу керек. Ішкі қатынау мен транзитті нығайту ісіне ден қойылады. Құрлықтық, теңіз және әуе инфрақұрылымы қайта жаңғырады. Ел жолдары халықаралық дәліздермен байланысады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
-Президент өз Жолдауында жаңа министрліктерді құру керектігін айтып тиісті шешім қабылдады.  Қазіргі кезде көлік министрлігі құрылды, көлік министрі тағайындалды. Көлік саласына қатысты мәселелер өте көп. Яғни жаңа министрлік құру арқылы осы мәселелерді шешу қолға алынады. Одан кейін жаңа министрліктің тағы бір құзырына бұл жүзеге асатын ірі жобалар бар бізде. Мысалы Бақты-Аягөз темір жолын салу. Немесе Дарбаза-Мақтаарал темір жолын салу. Осындай көлік саласына қатысты басқада ауқымды жұмыстарды министрлік жүзеге асырады деп мен ойлаймын.