«Әділет» партиясы ІІІ кезектен тыс съезінде Құрылтай
сайлауына кандидаттарының тізімін бекітті. Оған 186 адам кірді. Олар ғылым,
білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық сала, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам
өкілдері. Сонымен қатар, делегаттар сайлауалды бағдарлама қабылдады. Ол сегіз
бағытты қамтиды. Басымдықтар қатарында - адами капиталды дамыту, цифрлық
трансформация, экономиканы жаңғырту және әлеуметтік саясатты жетілдіру
көзделген. Мәдениетті қолдау, қоршаған ортаны қорғау және өңірлерді дамытуға
ерекше назар аударылды. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, сайлауалды
бағдарлама стратегиялық сессиялар барысында және арнайы QR-код арқылы жиналған
сарапшылар мен қазақстандықтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген. Бұдан
кейін партия сайлау науқанының келесі кезеңін бастайды. Өңірлердегі партия жұмысына
баса назар аударылады. «Әділет» партиясының өкілдері ел тұрғындарымен кездесіп,
бағдарламаны таныстырады. Жиын соңында партияның ІІІ кезектен тыс съезінің
қорытынды қаулысы қабылданды.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
- Жаңа Конституция Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ұсынды.
Бастысы - оларды қалай пайдаланамыз. Елді адамдар өзгертеді - олардың идеялары,
жауапкершілігі, еңбегі және өз халқына қызмет етуге дайындығы өзгерістің
бастауы. Бүгін біз осы жауапкершілікті өз мойнына алып, алдағы сайлауда
«Әділет» партиясының атынан өкілдік етуге дайын кандидаттар командасын құрдық.
Сіздермен бірге жұмыс істеуге ниеттес команда өкілдерін таңдадық. Құр уәде
бермеу. Кінәлілерді іздемеу. Өткенмен өмір сүрмеу. Біз болашаққа ұмтылуды
көздейміз.

