Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің өзара ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасы оңтайлана түспек. Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасы өткен жылы Мәскеуде экономикалық бірлестікке қатысушы елдер арасында осы бағытта қол қойылған келісімді мақұлдады. Құжат одақ шеңберінде қоймалық куәліктерді беру мен олардың айналымға шығуы және өтелуіне қатысты үрдістерді толық реттейді. Сонымен қатар осыған қатысты қойылатын талаптарды айқындайды. Осы келісім бойынша қойма куәліктері шығарылатын агроөндірістік кешенінің өнім түрлері мүше елдердің ұлттық заңнамасына сәйкес анықталады. Одан бөлек, қатысушы мемлекеттер қажетті мәліметтерге бірыңғай интернет-ресурс арқылы қол жеткізуге мүмкіндік беретін жүйені қамтамасыз етуге міндетті.
Зәкіржан Узиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Айта кету қажет, бұл Келісімнің негізіне Қазақстандағы астық қолхаттарының айналымын заңнамалық реттеу тәжірибесі қаланды. Жалпы, келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов.

