Қазақстанда «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі. Жаңа жүйе 5 жастан асқан балаларға арналған. Бұл бағдарлама мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табысты қамтиды. Аталған жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Бұл тың бастама жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеді. Зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт қызмет еткендерге де әлеуметтік қолдау тетігі әзірленді. Мұндай азаматтарға зейнет жасына толғанға дейін, яғни 55 жастан бастап арнаулы төлем жасалады. Бұл ретте олардың саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына тиген зияны ескеріледі. Мемлекет басшысы өндірістік жарақат алуды азайту үшін Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды да биылдан қалдырмауды тапсырды. Жалпы ел азаматтарының табысын арттыру қамында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін өседі. Бұл шара 1 млн 800 мың адамның, әл-ауқатын арттыруға септігін тигізбек.