Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп трансшекаралық саяхат дәлізін дамытуға ден қойды. Бұл екіжақты байланысты нығайта түседі. Мысалы, бір бағыт Түркістаннан басталып, Самарқанд арқылы өтіп, Бұхарада аяқталады. Қазір аталған туристік маршрут бойында инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр. Бұл туралы Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің 19-шы кеңесінде айтылды. Жиынға қатысушылар кино, театр, кітапхана және музей ісі салаларында бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық танытты.
Дәурен Абаев, ҚР мәдениет және спорт министрі:
– Біз тек Түркістанды емес, Таразды да қосамыз. Одан әрі Каспий жағалауы бойынша Ресей Федерациясы арқылы круизді қарастыруға дайынбыз.
Әзиз Абдухакимов, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары:
– Соңғы жылдары бұл сала өте белсенді дамып келеді. Президентіміз туристік салада үлкен реформа жасады. Оған дейін саланың жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 1 процентке дейін жетпейтін. Пандемияға дейін ол 4 процентті құрады. Келешекте қарқын азаймайды деген үміттеміз. Пандемия кезінде туризмнің дағдарысқа ұшырағанын білеміз. Осыған қарамастан Өзбекстан экономикасы қарқынды өсті.