1 қыркүйек – Білім күнінде қазақстандық оқушылар үшін салтанатты жиындар өткізіледі. Мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып шәкірттері үшін оқу жылы 33, ал өзге оқушылар үшін 34 аптаға созылады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осыған қатысты бұйрыққа қол қойды. Тиісті құжат 10 тамыздан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, күзгі демалыс бір аптаға, яғни қараша айының 1-інен 7-сіне дейін жалғасады. Қысқы демалыс – 11 күн, 30 желтоқсаннан 9 қаңтарға дейін болады. Көктемгі демалыс әдеттегідей ең ұзақ, 12 күн, 19 наурыздан 30-на дейін жалғасады. Сондай-ақ 1-сынып оқушылары 7 ақпаннан 13-іне дейін қосымша демалады.
Еске сала кетейік, пандемияға байланысты жаңа оқу жылында мектеп формасы міндетті емес. Ведомства басшысы атап өткендей, мектепке классикалық үлгідегі киіммен де баруға болады.
«Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзынсонар кезек болып, COVID-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз».
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, міндетті мектеп формасына байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылды. Алайда Білім және ғылым министрлігі ең алдымен ағымдағы жағдайды ескеріп, қауіптің алдын алуға басымдық берген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов