Биыл Жетісу облысында баламалы қуат көзін өндіретін төрт нысан іске қосылады. Олардың жалпы құны 21 млрд теңгеден асып жығылады. Қазір аймақта «Жасыл» энергетиканы дамытудың кешенді жоспары жүзеге асып жатыр.
Баламалы энергия өндіретін су станциясының бірі Басқан өзенінің бойында салынып жатыр. Нысан іске қосылған соң жылына 54 млн кВт сағат қуат өндіреді. Жобаның басты ерекшелігі – су электр станцияларының суын ирригациялық мақсатта да пайдалануға болатынында. Дәл осындай станциялар Көксу мен Ескелді аудандарында да салынып жатыр.
Ермек Қалиев, су электр станциясының инженері:
– Бірінші ГЭСті осыдан 9 жыл бұрын желтоқсан айында іске қосқанбыз. Су жинайтын торап. Барлық жұмыстар осы бас су торабы арқылы жүргізіледі.
Әнуарбек Түкенов, Жетісу облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының маманы:
– Бұл «Басқан -2», жоғарыда «Басқан-1» су электр станциясы бар. Алдағы уақытта осының жалғасы ретінде үшінші, төртінші, бесінші станцияларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мына нысан алдағы тамыз айында қолданысқа беріледі. Оның жалпы қуаттылығы шамамен 10 номиалды мВт.
Қазір аймақта су, жел және күннен энергия алатын 15 нысан жұмыс істейді. Алдағы екі жылда жарық беретін тағы 7 станция іске қосылады деп күтілуде. Осылайша өңірде өндірілетін энергияның 75%-ы жасыл энергетиканың үлесінен өтелмек.