Қазақстан мен Өзбекстан су саласындағы өзара әріптестікті нығайтуға ниетті.
Осы орайда тараптар Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату
жобасын қолға алмақ. Әр елдің аумағында бес-бестен нысан салынады. Германияның
Халықаралық ынтымақтастық қоғамының қолдауымен әзірленген бұл жоба
трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта бұл жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеу жұмыстары
аяқтады. Бұл жөнінде қос мемлекеттің сала басшыларының қатысуымен Түркістанда
өткен қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының кезекті отырысында белгілі болды. Сондай-ақ, бас қосуда қос жақ су үнемдеу
технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті. Бұдан
бөлек, биыл былтыр бірлесіп қолға алынған «Достық» каналын тазалау және бас
құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ. Еске салайық, өткен жылы екі елдің
басшыларының қатысуымен су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану
туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Тараптар бұл құжат Орталық
Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосатынына сенімді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Өңірдің су ресурстары айқын трансшекаралық сипатқа ие.
Бұл ретте соңғы жылдары аймақ елдері заңнамалық негізде өздерінің ұлттық су
стратегиясын жаңартты. Біз жаңа су кодексін қабылдадық, Бұндай құжат Қырғызстанда
да заңды күшіне ие. Тәжікстанның Жаңа су кодексімен жұмыс істеп жатқанын бідеміз.
Мұндай жағдайда ұлттық реформалар тек бір-бірін толықтырып, ер мелдерде
қолданылып жатқан озық үлгідегі тәсілдерді үйлестіру қамында жұмыс істеуі керек.
Бұл ретте негіздемелік конвенция ынтымақтастықтың жалпы түсінікті және икемді
қағидаттарын, атап айтқанда, су есебінің ашықтығын, деректер алмасуды қамтуы
тиіс.

