Қазақстанда орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды. Еліміздің
Премьер-Министрі тиісті қаулыға қол қойды. Аталмыш орган Экология және табиғи
ресурстар министрлігінің жанынан жұмыс істейді. Жаңа қызмет елде төтенше жағдай
кезінде, оның ішінде орман өрттерінің алдын алу бойынша тиімділіктің артуына
сеп болмақ. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың үйлестіруін жақсартуға,
техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді арттыруға, білікті кадрлар
құрамын жасақтауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондай-ақ тоғайлы алқаптарды
кеңейтуге және ағаштарды кесуге қатысты кешенді шаралар қабылдау мен тиісті
құзіреттерді дамытуға септеседі. Айта кету керек, қазір Қазақстанда 15
республикалық азаматтық қорғау қызметі бар. Олардың қатарына өрт сөндіру, медицина,
химиялық, радиациялық және инженерлік қорғау сынды қызметтер жатады.