Ұлттық музейде наурыз тойланды

Ұлттық музейде наурыз тойланды

Моншақ пен түрлі-түсті асыл тастармен көмкерілген сәукеле және қамзолдар, құрақ көрпелер мен тоқылған ойыншықтар және әшекейлер мерекелік көрмеге қойылды. Ұлыстың ұлы күні – Әз-наурыз қарсаңында қазақ халқының тұрмыста қолданған бұйымдары мен заттары салтанатты шара қонақтарының алдына қойылды. Шара Қазақстанның Ұлттық музейінде өткізілді. Оның барысында елордадағы этно-мәдени бірлестіктер дәстүрлі қазақ халқының әндері мен билерін шырқады. Одан бөлек, қонақтардың назарына ұлттық жоралғылардан шағын қойылымдар да ұсынылды. Атап айтқанда, бұл – тұсаукесер мен көрісу. Сонымен қатар асық секілді ұлттық ойындар да көрермен назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылар мұнымен шектеліп қалмады. Отандық дизайнерлердің коллекцияларындағы ұлттық киімдер көрсетілген дефиле де ең көркем көріністің бірі болды.

Ақмарал Ибраева, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары :

-Біз бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы да қасиетті наурыз мейрамын атап өткіміз келді. Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Сондықтан, 14 наурыздан бастап салтанатты, мерекелік шаралар бүкіл ел аумағында өтіп жатыр. Біз көптеген ұлт пен ұлысты біріктіретін «Қоғамдық келісім» ұйымымен бірлесіп, барлық шараларды бірге өткізуге уағдаластық. Олар да бізбен осы мейрамды атап өтуге қуана келісті. Тек біздің Қазақстанда наурыз көпұлтты мейрам болды.