Қазақстан мен Таиланд арасында визасыз режим енгізу
туралы келісімге қол қойылды. Екі елдің үкіметтері арасындағы келісім
республикамыздың министрлер кабинетінде бекітілді. Құжатқа сәйкес енді қос тарап азаматтары бір-бірінің аумағында
елге келген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін бола алады. Жалпы
қазақстандықтар Таиландта 180 күнтізбелік күннің әрбір кезеңінде барлығы 90 тәулікке
дейін болуға құқылы. Бұл ретте паспорттың жарамдылық мерзімі жарты жылдан кем
болмауы тиіс. Ал қазақстандық туристер келген елдің аумағында 1 айдан артық
тұруға ниет білдірген болса, тиісті визаны алуы керек. Дәл осындай ережелер
Қазақстанға келетін Таиланд азаматтарына да қатысты қолданылады.