Астанада биыл Жеңіс шеруінде Ұлттық ұланның әскери
дирижерлары жазған 4 бірдей музыкалық шығарма орындалады. Қазір оркестр 7
мамыр күні өтетін маңызды шараға қызу дайындық үстінде. Авторлары бұл әуенді
туындылар жауынгерлердің бойындағы рухты аятып, сарбаздарды жігерлендіре түсетінін
алға тартады. Шығармашылық бағдарламамен қатар шеруге қатысатын әскери
қызметкерлердің киім үлгісі де жаңармақ. Айта кетейік биыл шеруге 4 мыңнан
астам әскери қызметкер қатысады. Олардың 315-сі әскери музыкант.
Олжас Құдайқұлов, ҚР Ұлттық ұланы әскери-оркестр
орталығының басшысы:
- Атап айтатын болсақ, «генерал Жексембаев» шығармасы,
«Шаттық» шығармасы, «Қыран» шығармасы және біздің Ұлттық ұлан әнұраны «Елдің
қорғаны».
Наиль Валиев, ҚР Ұлттық ұланы әскери-оркестр орталығының аға офицері:
– Бір жыл бұрын маған үрмелі оркестрге арналған марш жазу
ойы келді. «Батыр» қарсы алу деген туынды ең алдымен Ұлттық ұланның әскери
оркестрінің саптық репертуарлық қорын толықтыру мақсатында жазылды. Бұл екі
бөлімнен құралған марштың музыкасы анық әрі жарқын.
Ол әскери оркестрдың қорына енгеніне қуаныштымын. Автор
ретінде оның енді әскери шеруде орындалатыны мен үшін үлкен абырой.

