Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы елдері Әділет министрлерінің тұңғыш отырысы өтті

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы елдері Әділет министрлерінің тұңғыш отырысы өтті

Астанада Түркі мемлекеттері одағы Әділет министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті. Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркі Мемлекеттері Одағы бас хатшысының жиынына Қазақстан Әділет министрлігі төрағалық етті. Отырыс барысында қатысушылар заң мен құқық салаларындағы ынтымақтастық пен әріптестік мәселелерін талқылады. Әсіресе, министрлер аталған саланы цифрландыру қажеттілігіне баса назар аударды. Осы бағыттағы тараптардың әріптестігі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге әділет органдарының жұмысының тиімділігі мен ведомствоаралық әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Осы уағдаластықтарды бекіту мақсатында министрлер стратегиялық құжат – Астана декларациясына қол қойды.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:

– Біз үшін бұл кеңестің құрылуының мәні – бірінші кезекте, заңнамалық мәселелерде, артынша, сот-құқықтық, сот сараптамасы секілді мәселелерде тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ, әділет органдарының цифрландырылуы бойынша да бір-біріміздің жеткен жетістіктерімізбен бөліссек деген ойымыз бар. Біздің де әріптестерімізге береріміз көп. Одан бөлек, түркиялық әріптестерімізбен виртуалды аутопсияда сот сараптамасы бойынша тәжірибе алмаспақ ниеттеміз. Түркі мемлекеттері ұйымы Әділет министрлерінің кеңесінің келесі отырысы 2025 жылы Әзербайжанда өтеді деп жоспарлап отырмыз.