Минералдар, тау жыныстары, бағалы тастар және көне палеонтологиялық олжалар. Астанадағы минералогиялық музейде 2300-ге жуық ерекше және сирек кездесетін экспонат ұсынылған. Бұл тек Қазақстан аумағынан ғана табылған жәдігерлер емес, көршілес елдер тіпті өзге құрлықтардағы Австралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа мен Африкадан да жеткізілген. Бұл минералдардың алуан түрлілігі бойынша Орталық Азиядағы бірегей мұражай. Оның қоры үнемі толықтырылып тұрады. Жиналған тастардың басты ерекшелігі табиғи қалпында сақталуы. Мысалы, мына пирит осыдан 120 жыл бұрын Қазақстан аумағынан табылған. Ешқандай өңду көрмеген тас бәз-баяғы қалпында тұр.
Олжабай Исмаилов, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы, Минералогиялық
музейдің негізін қалаушы және жетекші:
- Бұл нағыз музейлік үлгі. Мен Америка, Еуропа мұражайларында
болдым, бірақ мұндай экспонатты кезіктірмеппін. Елорданың дәл осындай музейі
болуы тиіс. Өйткені біз табиғи ресурстарға бай елміз. Шикізатты сату,
инвесторларды тарту үшін ең алдымен өзімізде не бар екенін көрсету керек. Бұл
музейдің бір міндеті осы болса, екінші – одан да тереңірек, тәрбиелік мақсатқа
бағытталған.
Қойнауы қазынаға толы Қазақстанның бұл қазба байлықтарын
туристерге, шетелдік қонақтар мен ел тұрғындарына таныстыру – музейдің негізгі
мақсаты. Бұл жерде экспонаттарды тамашалап қана қоймай, қолмен ұстап көруге де
болады.
Мұрат Сайдуақасов, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы, Геология-минералогия
ғылымдарының кандидаты:
- Геология – құр мамандық қана емес, бұл ғылым мен өнердің үйлесімі, өзіне тән романтикасы бар кәсіп. Жер қойнауының сұлулығы мен құпиясын дәл осы жерден көруге болады. Мұнда келген кез-келген баланың көзі жайнап, геолог болуды армандай бастайды. Кәсіптік бағдар беру үшін бұдан жақсы орын ойлап табу мүмкін емес.
Музейдің негізін қалаушы - Олжабай Исмаилов сирек
минералдар туралы бүкіл әлемнің білуін армандайды. Айтуынша, оған көбіне Еуропа
елдерінен көшпелі көрме ұйымдастыру туралы ұсыныстар түсуде.

