ЕАЭО аумағында ғылыми дәрежелер өзара танылады

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер өзара танылады. Сенат осыны көздейтін  келісімді мақұлдады. Яғни, енді одақ аумағында мұндай құжаттар тұпнұсқалығын тексеруді қажет етпейді. Оларды растау бойынша ақпарат алмасу заңмен регламенттеледі. Мәселен еңбек көші-қоны шеңберінде академиялық атағын автоматты түрде танудың механизмдері қарастырылған. Азаматтарға ғылыми дәрежесі үшін үстемеақы талап еткен жағдайда ерекшелік көзделеді.

Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

-Келісім ЕАЭО кеңістігінде еңбек ресурстарының еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы еңбек нарығын нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ азаматтардың кәсіби қызметіне қол жеткізуге қолайлы жағдайлар жасайды. Қорыта айтқанда, Заң - ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандырады және ЕАЭО-ға мүше елдердің білім беру жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз етеді, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Қырғызстанның авиациялық іздестіру саласында ынтымақтастығы нығаяды.

Сондай-ақ Жоғары палата Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласында ынтымақтастықты нығайту туралы келісімді мақұлдады. Құжат өзара апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіруді көздейді. Осыған қатысты арнайы қызметтердің бірлескен оқу-жаттығулары ұйымдастырылады. Авиациялық оқиғалар туралы ақпарат және тәжірибе алмасудың нормативтік негізі айқындалады. Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар белгіленеді.

Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты :

-Қазір авиациялық оқиғалар үшін «Қазаэронавигация» базасында 27 әуеайлақ пен қону алаңдарында тікұшақ кезекшілігі ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары да тартылуы мүмкін. Халықаралық стандарттар бойынша білім алған қызметкерлер және тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс құралдары қарастырылған. Іздестіру-құтқаруды үйлестіру орталығы құрылды. Іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыруға Қорғаныс министрлігінің парашюттық-дисанттық топтары және Төтенше жағдайлар министрлігінің іздестіру-құтқару командалары бірлесіп жұмыс атқаруға әзір.