Байқоңыр ғарыш айлағындағы «Бәйтерек»
кешенінен «Союз-5/Сұңқар» зымыран тасығышы ұшырылды. Бұл ұшу-конструкторлық
сынақ. Зымыранның бірінші және екінші буындары
штаттық режимде іске қосылды, ал габариттік-массалық макет
есепті траекторияға сәтті шығарылды. Бұл ұшыру
Қазақстанның ғарыштық қызметтердің әлемдік нарығындағы үлесін арттыруға қажетті инженерлік объектілердің толық
дайындығын растады. Сонымен қатар, Қазақстанның
ғарыш саласын бағындыру жолындағы өзінің
заманауи инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндігін беретін
стратегиялық қадам ретінде бағаланды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жобаны
іске асыру шеңберінде жер үсті нысандарына
ауқымды жаңғырту жүргізілді, оның ішінде басқару, жанармай құю және
қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері қамтылған.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР Жасанды
интеллект және цифрлық даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
- Біз бұл жетістікке ұзақ дайындалдық. Бұл зымыран тасығышты ұшыру бастамасы мемлекетаралық
жоба, зымыран екі ел Президенттерінің тапсырмасымен Қазақстан мен Ресей федерациясы басшыларының қолдауымен құрастырылды. Мұның
бәрі стратегиялық, технологиялық серіктестіктің және бастысы бір-біріне деген достық сенімнің арқасында мүмкін болды. Бұл – алдағы уақытта
тың жобаларды жүзеге асыруға арналған алғашқы қадам деп есептейміз.
Дмитрий Баканов, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры:
- Бүгін үлкен
оқиға
болды. Бұл мемлекетаралық жоба. Қазақстандық
әріптестеріміз де Ғарыштық Державалар Клубына енді, біз оларды осы жетістігімен құттықтаймыз және зымыранның сипаттамасын
жақсарту және оның орбитаға
шығара алатын пайдалы жүктемесін арттыру үшін жобаны бірлесіп дамытатын боламыз.

