Жазғы Париж Олимпиадасында Қазақстанның намысын 80 спортшы қорғайды

XXXIII-жазғы Олимпиада ойындары алауының жағылуына санаулы күндер ғана қалды. Париждегі бәсекеде Қазақстанның намысын 80 спортшы қорғайды. Олар 25 спорт түрі бойынша сынға түсіп, 81 медаль жиынтығын сарапқа салмақ.

Айта кетейік, Ұлттық құраманың 12 мүшесі Шымкенттің тумалары. Шырайлы шаһардан суда жүзу бойынша Сергей Емельянов та жолдама алған.

Бұл – ескек есу спортының ең күрделі түрі. Спортшылар 500 метр қашықтықты бағындырулары керек. Артық қимыл жасап, қателесуге болмайды. Ал Сергей Емельянов бұған дейін олимпиада көрген спортшы. Токиодағы тартыста 12-ші орынға табан тіреген. Енді елге медальсіз оралмаймын деп отыр. 

Сергей Емельянов, спортшы:

– Қазір мен жан-жақты дайындалдым. Психологиялық жағынан да жетілдім. Дайындығым жақсы. Жоспарға сай жүріп жатыр. Токиода жіберген қателіктеріммен жұмыс істедім. Ел намысын қорғау мен үшін жауапты іс. Сондықтан барымды саламын. Жерлестерімнің қолдауы өте маңызды. 500 метр деген сырт көзге оңай көрінгенімен, уақыттың әр секундына мән беруді талап етеді. Әр сәтті назарда ұстау керек. Мақсат айқын. Оған жету үшін сақ қимылдап, қателікке бой алдырмай, қобалжуға жол бермеу керек. Сондықтан бұған дейін үйреніп білген бар тәжірибемді жайып салуға тырысып бағамын.  

Франция төрінде Ұлттық құраманың сапында 6 бірдей қазақстандық мерген өнер көрсетеді. Бұл төрткүл дүние тартыстары тарихында нысананы көздеп атудан ел рекорды. Олимпиада ойындарын қазақ боксшыларынсыз елестету мүмкін емес. Биыл былғары қолғап шеберлері 10 жолдаманы қанжығаға байлаған. Олардың қатарында егіздер – Айбек және Нұрбек Оралбай бар. Екеуі де алтыннан дәмелі, бұған дейін бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарған.

Рахат Оралбай, Айбек және Нұрбек Оралбайдың әкесі:

– Телефонмен сөйлесіп, жағдайларын сұрасып, салмағын түгендеп, тамақ жағы, витаминдері бар, оның бәрін өзіміз қолға алып, тексеріп отырмыз. Ұлдарым дайындық жағынан жаман емес. Өз ұлдарыма сенемін. Қазақстанның туын желбіретіп, әнұранын ойнатады деп сенемін. 

Парижде өтетін Олимпиадада 12 қазақстандық төрелік етеді. Оның ішінде көркем гимнастика, ауыр атлетика, суда жүзу, теннис, спорттық гимнастика, семсерлесу, баскетбол, күрес пен бокс сынды спорт түрлерінің майталмандары бар. Францияға баратын біздің төрешілер кілең халықаралық додаларда әбден шыңдалған білікті мамандар.