Парижде төртжылдықтың басты спорттық додасы аяқталды. Әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған жанкүйер спортшылардың жетістіктерін тамашалады. Франциядағы әр күн мейрам болды. Парижден Таитиге дейінгі 39 олимпиадалық нысандарда тарихи сәттер көп болды. Бірде атағы жер жарған спортшылар өз шеберлігін дәлелдесе, енді бірде жас спортшылар айды аспанға шығарды.
Айта кетейік, 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан нағыз сенсация жасап, бокста 5 алтын медаль жеңіп алды. Мұндай жеңістер Олимпиадада бұрын-соңды болмаған. Десе де, Орталық Азияның әр мемлекеті бір-біріне қолдау көрсетіп, бауырластықтың үлгісіне айналды.
Кейбір спорт түрлерінен ақтық сындар күні кеше аяқталды. Қазақстан атынан соңғы болып жарыс алаңына еркін күресте 97 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Ерғали шықты. Ол қола жүлде үшін таласқа түскен. Өкінішке қарай, ирандық қарсыласынан айласын асыра алмады. Осылайша, Ұлттық құрамамыздың қоржынында түрлі дәрежедегі 7 медаль бар. Оның ішінде ерекше атап өтерлігі – Қазақстан тарихындағы дзюдодан алғаш алтын медальді елімізге Елдос Сметов әкелді. Парижде күміс алқаны гимнаст Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадраев және боксшы Нұрбек Оралбай тақты. Үздік үштіктен көрініп, қола медальді дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, атыстан Ислам Сәтпаев пен Александра Ле жұбы қанжығамызға салды. Осы спортшылардың жеңісі бүкіл Қазақстанға қуаныш сыйлады.
Әр спортшы өзінің біліктілігін ғана емес, ерік-жігерін көрсетті. Соның арқасында көк байрағымыз жеңіс тұғырынан көрінді.