Жаңа Конституция Қазақстанның дамуына тың серпін береді

Жаңа Конституция Қазақстанның дамуына тың серпін береді

Жаңа Конституция жобасын түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде атап өтті. Құжатта Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған. Онда әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген. Мемлекет басшысы жарты жылдан бері жобаға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатқанын еске салды. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Президент бұл - ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан да, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия екенін айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы. Соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді. Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде танылды. Тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастық мызғымас құндылықтар болып қала береді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті еліміздің унитарлығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейтінін атап өтті. Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Мемлекет басшысы жаңа Негізгі заң Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашатынына сенім білдірді. Еске сала кетейік, Ата Заңға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?