Астанада Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Қазақстан астанасына әлемнің 20-дан астам елінен белгілі ғалымдар, тарихшылар, археологтар, түркітанушылар мен мәдениеттанушылар, сондай-ақ беделді ұйымдардың өкілдері жиналды. Жиынның ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихы халықаралық ғылыми қауымдастық үшін өзектілігін жоғалтпайтын маңызды тақырып болып қалатынын атап өтті. Ал Қазақстан үшін бұл шежірелі кезең - ұлт жылнамасы. Президент Батыс пен Шығысты жалғап, өркениеттердің дамуына ықпал еткен Ұлы Дала төсінде билік құрған қуатты империяның тарихын жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев зерттеулерді үш негізгі бағытқа шоғырландыруды ұсынды. Атап айтсақ, Алтын Орданың зияткерлік мұрасын, мемлекеттік басқару жүйесін және экономикалық құрылымын мұқият зерделеу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді. Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты. Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілгенін атап өтті. Өйткені Қазақстан мемлекет ісінде Алтын Орданың тікелей мұрагері. Елімізде Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Сонымен қатар Президент Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет деп санайды. Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тарихтың дәрістері дамуға бет алған болашақпен үндескенде ғана өркендеу жолына түсеміз. Бұл орайда, Алтын Орданың сан қилы тарихы мен тағдыры мемлекеттердің күш-қуаты түрлі мәдениеттерді нәтижелі гуманитарлық және саяси серіктестіктің бірыңғай жүйесіне біріктіре алуынан көрінетінін еске салады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО аясында симпозиум өткізу Алтын Орда мұрасының әлемдік тарихи маңыздылығын атап өтіп, еліміздің бастамасын қолдағаны үшін ұйым басшылығына алғысын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Qoja Ahmet Yasaui орденін ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулеге тапсырды. Қазақстан Президенті оның еліміздің мәдени құндылықтарын, тарихи жады мен зияткерлік мұрасын сақтауға және халықаралық деңгейде тануға қосқан үлесіне ерекше тоқталып өтті.

