Жаңа Конституция Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді бағдарын қалыптастырады

Жаңа Конституция Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді бағдарын қалыптастырады

Жаңа Конституция Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді бағдарын қалыптастырып, демократиялық институттарды нығайтуға, жаһандық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттік жүйенің орнықтылығын арттыруға және азаматтардың саяси белсенділігіне бағытталған. Сонымен қатар, саясаттанушылардың пікірінше, білім, ғылым және инновацияға басымдық беріледі. Зерттеу ортасын дамыту және жас ғалымдарды қолдау мемлекеттік басымдыққа айналуда. Сарапшылар мен депутаттардың пікірінше, бұл білім беру жобаларын дамытуға, ғылыми гранттарды қолдауға және білім экономикасы үшін кадр даярлауға жағдай жасайды. Бұл новеллалар еліміздің Негізгі заңында жазылатындықтан, болашақта жаңа бағдарламалар да осы бағытқа сәйкестендірілуі тиіс.

Жұлдызай Ысқақова, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы:

- Конституцияның 3-бабында білім беру, адами капиталды дамыту, ғылым мен инновациялар мемлекет дамуының стратегиялық басымдығына айналатыны көрсетілген - бұл кем дегенде осы бағыттарда қаржыландыруды қысқарту болмайды дегенді білдіреді. Яғни, керісінше өсім көзделеді және бұл кез келген зерттеуші үшін сенімді кепілдік. Әлемнің бірде-бір елі мұндай кепіл ұсына алмайды. Біз бұл тұрғыда алдыңғы қатардамыз. Бұл зерттеушілердің және болашақта ғылымға ден қоюға ниетті азаматтардың қорғалуын қамтамасыз етеді.

Құжатта жастарға ерекше назар аударылған – олар болашақта елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, технологиялық дамуын қамтамасыз етеді. Тұтастай алғанда, бұл қағидаттарды конституциялық деңгейде бекіту мемлекеттің ұзақ мерзімді жоспары білімге, инновацияға және бәсекеге қабілеттілікке бағытталғанын көрсетеді, дейді сарапшылар.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кез келген конституция, шартты түрде айтсақ, біздің мемлекетіміздің төлқұжаты сияқты, және біз конституцияда тарихымызбен, өзіміздің бүгінгі өмірімізбен байланысты көптеген мәселелерді қамтыдық, оған қоса, болашаққа бағдарымызды айқындадық. Біз негізгі бәсекелестік цифрлық салада, білім, инновация бағытында болатынын көріп отырмыз. Балаларымыздың, жастарымыздың білімге, инновацияға, өмір бойы өзін дамытуға ашық болғанын қалаймыз, бұл біздің заманымыздың талабы және Конституция бұл қағидаттарды мемлекеттік әрі стратегиялық басымдықтар ретінде жариялайды.  

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?