Қазақстанның төрағалық етуі шеңберінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі өтті. Іс-шараға Ұйымға мүше елдердің қорғаныс ведомстволарының басшылары, Бас хатшы, ұйымның өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры және Беларусь Қорғаныс министрі қатысты. Бас қосуда өңірлік, халықаралық және қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар салалық ынтымақтастықты дамытудың жаңа қадамдары айқындалды. Жиында Қазақстан Қорғаныс министрі ұйым шеңберінде әскери бөлімдерге өзара ерікті негізде сапар жасау, әскери оқу-жаттығулар, қорғаныс ведомстволары басшылығы мен құрылымы туралы ақпарат беруді көздей отырып, сенім шаралары туралы келісімді әзірлеуді және қабылдауды ұсынды.
Жалпы Кеңес қорытындысы бойынша хаттамаға, әріптестікті реттейтін бірқатар құжатқа қол қойылып, бірлескен коммюнике қабылданды.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Кеңес қызметі әскери саладағы өзара сенім шараларын нығайтуға, бейбітшілікті қамтамасыз етуге ықпалдасуға және өңірлік қауіпсіздіктің сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған. Осыған байланысты «Бейбіт миссия» терроризмге қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларын өткізуді жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Ұйымға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің қызметін насихаттау мақсатында қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери-тарихи мұражайлар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға келісті.