Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 триллион теңгеге 120 жоба жүзеге асырылады. Бұл жөнінде Қазақстан Президентіне елорданың өндірістік және әлеуметтік нысандарын аралау кезінде мәлімделді. Қасым-Жомарт Тоқаев Tausogar зауытында елдегі ірі құрылыс компанияларына қажетті лифт, мұнара крандары мен эскалаторлар өндірісімен танысты. Кейін Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының көрмесін аралап көрді. Мұнда Президент №1 Индустриалдық паркінде орналасқан бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа гипсокартон панелдері, өрт дабылдары сынды отандық өндірістің өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ Президентке №2 Индустриалдық паркінің даму әлеуеті жайында баяндалды. Аталған алаңда жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы шынжыр табанды және дөңгелекті бронды машиналар шығаратын, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсететін Besqaru зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев цехтарды аралап, өндіріс ошағының технологиялық мүмкіндіктерімен танысты. Компания жылына 200 бронды техника құрастырады. Олардың қатарында суды кешіп өте алатын Taimas, Aibar, сондай-ақ Tulpar шынжыр табанды техникасы бар. Зауыт өз өнімін Қорғаныс министрлігі мен басқа да күштік құрылымдарға арнап шығарады. Өндіріс алаңы биыл ақпан айында іске қосылды. Жоба құны 13,5 млрд теңгені құрады.

