Жамбыл өңірінде қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинаты салынады. Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қытайлық Fujian Hengwang Investment компаниясының басшысы Цзэн Чжаоцянмен жобаны жүзеге асыру жоспарын талқылады. Құрылысы биыл сәуір айында басталады деп көзделіп отыр. Ол Jibek Joly арнайы экономикалық аймағының аумағында бой түзейді. Жобаның жалпы инвестициялық құны 1 млрд доллардан асады. Өндіріске қазақстандық шикізат - табиғи газ және темір рудалары, сондай-ақ, әктас пайдаланылмақ. Кәсіпорында созба сымдар, арматура, құбыр өндірісіне арналған жолақты болат, сондай-ақ, бұрышты және профилді болат сияқты өнімдердің кең ауқымын шығару жоспарланып отыр. Металлургия зауытының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қуаты 350 МВт газ турбиналы электр стансасын салу да межеленген. Инвестордың айтуынша кәсіпорында темірді тікелей қалпына келтіру технологиясы енгізіледі. Бұл отандық металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болмақ. Үкімет басшысы жоба өндіріс қуатын арттыруға және еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтуге маңызды қадам болатынын атап өтті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

