Қазақстан британдық журналдың «жасыл» туристік бағыттарының тізіміне енді

Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданы танымал британдық Wanderlust журналының Travel Green List атты «жасыл» туризм бағыттарының тізіміне енді. Отандық дестинация аталған тізімге Жапониядағы мәдени ағарту орталықтар және Сингапурдағы табиғи қорыққа айналған теміржол сияқты жобалармен қатар енді. Сонымен қатар, биыл Қатонқарағай ауданы халықаралық байқауда «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» тізіміне кіріп, «Өркендеуші қоғамдастықтар» категориясында жеңіске жетіп, ең таза экологиялық орындардың қатарынан көрінді. Туристер арасында Шығыс Қазақстан тұмса табиғатымен, сарқырамаларымен, радон көздерімен, сондай-ақ панто ем қабылдаумен танымал.

 

Евгений Домашнев, фотосуретші:

-Әрине, Қатонқарағай туризмнің  інжу-маржаны. Бұл жердің табиғатын, ормандарын  сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Мені фотосуретші ретінде жабайы табиғат, аң-құстар қызықтырады. Табиғаты өте әдемі және өте бай.

 

Сонымен қатар, Wanderlust редакциясы 2019 жылы Шығыс Қазақстанның үш шалғай аудандарында, соның ішінде Қатонқарағайда өмір сүру сапасын жақсарту үшін құрылған. Сарапшылар ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорын жоғары бағалады. Әсіресе қонақжайлылық мектебін ашу, турмаршруттарды қолдау, туристік ақпараттық орталықтарды қаржыландыру сияқты бастамаларды ерекше айтып өтті. Бұл жобалар өңірдегі туризмді дамытуға септігін тигізді.

 

Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ресми өкілі:

-Біздің компаниямыздың ауылдық аумақтарды орнықты дамыту қорының күш-жігері ерекше атап өтіледі, соның арқасында Қатонқарағай ауданында бұл үрдіс ерекше жақсаруда, экожүйе құрылуда, қонақжайлылық мектептері салынып, туристік соқпақтарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз Қазақстанның жекелеген аудандары мен дестинациялары әлемдік журналдардың рейтингтеріне енгізілгеніне қуаныштымыз.

 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы елімізге 9 млн-нан астам шетелдік турист келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сондай-ақ, 10 млн қазақстандық өз туған жерінде саяхаттауды таңдаған.