Қазақстанда синдикаттық несиелендірудің құрылымы кеңейтіледі. Бұл ретте отандық жобаларды қаржыландыруға шетелдік банктерді тарту жоспарланған.
Мұндай кредит беруге қатысушылар құрамы резидент емес және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықпақ. Яғни, елге қосымша инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктері туады.
Сенат қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын реттеу туралы заң жобасын қарады. Бұл құжатта кибер алаяқтыққа қарсы шараларды күшейту жағы да ескерілген. Енді электронды несие рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізу міндеттеледі. Жаңа микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі. Ал азаматтарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салу қарастырылған.
Талқылау барысында сенаторлар заңға бірқатар түзету енгізіп, Мәжіліске қайтаруды шешті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
– Олар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін нақтылауға, синдикатталған қарыз шартының ерекшеліктерін белгілеуге, сондай-ақ әскери қызметшілердің қарыздар бойынша мүдделерін қосымша қорғауға бағытталған. Жалпы осы заңда көзделген шаралар азаматтарымыздың құқықтарын тиімді қорғауға және қаржылық сауаттылықты арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.