Астана «Болашақ ойындары» халықаралық фиджитал-турнирін
өткізуге дайындалуда. ол 29 шілдеде басталады. Елорданың ауқымды спорттық
іс-шараға дайындығын Премьер-министр тексерді. Олжас Бектеновке нысандарда
цифрлық жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қатысушылар мен қонақтар
үшін алаңдардың дайындығы, сондай-ақ волонтерлік орталықтың жұмыс жағдайы баяндалды.
Қауіпсіздік, логистика және сервис сапасына ерекше назар аударылды. Турнирге
Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының 35 елінен мыңға жуық спортшы
қатысады деп күтілуде. Қазақстан намысын 11 команда қорғайды. Жалпы,
қатысушылар сегіз сайыс түрі бойынша, соның ішінде фиджитал-футбол, баскетбол,
жекпе-жек және би бойынша жарысқа түседі. Жалпы жүлде қоры 4 миллион доллардан
асады. Туризм және спорт министрлігі халықаралық турнир Қазақстанға 10 мыңға
жуық шетелдік турист тартады және саланы дамытуға қосымша серпін береді деп
отыр.
Әлібек Хасенов, «Болашақ
ойындары-2026» ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекциясы жетекшісі:
- Бұл фиджитал деп аталатын спорттық жарыстың заманауи форматы, онда спортшылар мен атлеттер бірден екі алаңда - сандық және физикалық әлемде бақ сынайды. Жарыс елордамыздың 4 спорт ғимаратында өтеді. Әр нысанда 2 сайыс түрі өткізіледі және «Қазақстан» жеңіл атлетика манежінде бірден 3 сайыс - футбол, баскетбол және ММА бойынша жарыс өтеді. Бұл жарыстар Орталық Азияда алғаш рет өтіп жатыр, оған бірнеше сайыс түрі бойынша әлемнің ең мықты клубтары қатысады деп күтілуде.

