V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жамбы атудан Қазақстан ұлттық
құрамасы Алматы өңірінде соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Дүбірлі додада ел
намысын 4 спортшы қорғайды. Түркістан облысының тумасы Батыр Бексауыт Ұлы дала
тартыстарына жолдама алғандардың бірі. Ол спорттың бұл түрінен ұлттық құраманың
ең жас спортшысы. Былтыр Моңғолияда өткен әлем чемпионатының алтын жүлдесін
иеленді. Сондай ақ, басқа да халықаралық жарыстарда топ жарған.
Батыр Бексауыт, Жамбы атудан ұлттық құраманың мүшесі:
- Барымызды салып дайындалып жатырмыз. Бесінші
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны деген жауапкершілік өте үлкен жарыс екенін
бәріміз сезініп жатырмыз. Чемпион атанып, қазақтың көк туын көкке желбіретіп,
әнұранымызды көк аспан астында шырқатсақ деген арманымыз бар.
Спортшылардың барлығы дүбірлі додаға сақадай сай. Олар түске дейін
физикалық дайындықтарын пысықтаса, түстен кейін үш сағат бойы атпен жаттығады.
Дайындықтың мұнша қарқынды болуы - бас бапкердің айтуынша, бәсекелестік
деңгейінің жоғары болуы себебінен.
Елдос Бадашев, Жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Көшпенділер ойынында
жамбы атудан 27 мемлекеттен 80-ге жуық спортшы қатысуға келе жатыр. Өте
тартысты болады. Басқа елдерде де бұл спорт түрі өте дамыған. Біздің балдарымыз
рейтинг бойынша ондыққа кіреді деп айта аламыз.