100 келіден асатын тас пен бөренені көтеру, 500 келілік арбаны сүйреу, 20
келілік найзаны лақтыру. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына
алғаш рет енгізілген «Толағай» алыптар сайысының шарттарын білекті ғана емес,
жүректі спортшылар ғана орындауға қауқарлы. Әлемнің түкпір-түкпірінен осы
сайысқа қатысу үшін тепсе темір үзетін балуандар жиналды. Өте тартысты өткен
сайыс көрермендердің айызын қандырды. 5 кезеңнен тұратын сайыста қазақстандық
Азамат Мақұлбеков барлық қарсыластарынан басым түсті. Екінші орында ресей
спортшысы тұрақтаса, үздік үштікті Иран балуаны қорытындылады.
Азамат Мақұлбеков, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының
жеңімпазы:
- Әр елдің мықтысы келді. Жарыс өте тартысты, қызықты
болды. Алыптардың алыптары келді. Жарыс өзімізде, Қазақстанда болғандықтан,
намысты қолдан бермеуге тырыстық.