Көкпардан ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтті

Қазақстанның көкпаршылары елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтарын пысықтап жатыр. Қазір ұлттық құрама Алматы өңірінде арнайы оқыту-жаттығу жиынынан өтуде. Аттың құлағында ойнаған сайыпқырандарымыз осымен екі ай бойы қызу дайындық үстінде. 12 спортшымыз көкпар және тағы соншасы көкбөрі ойындарында елдің намысын қорғамақ. 

Бұл ретте айта кетейік, алғашқысы жерде сызылған шеңберде, ал келесісі тартыс қазандыққа ойналады. Қорытынды оқу-жаттығу жиындары дүбірлі доданың биылғы алаңы елордада өтеді.     

Ақылбай Манкеев, көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері:

– Көкпардан жеңеміз деп отырмыз. Қазіргі таңда кезекті оқу-жаттығу жиынын бастап жатқан жайымыз бар. Бұл оқу-жаттығу жиынында тек қана атпен жұмыс жасайтын боламыз. 

Наурызбай Қалтаев, көкпардан ұлттық құрама мүшесі:

– Көкбөрінің ойыны үш тайм болса көкпардікі екі тайм болады. Қазандық па, жер ме қалай түседі солай шабамыз. Аттарымыз жақсы, балалар жоғары деңгейде дайындықтан өтті.

Елдар Жарылқап, көкпардан ұлттық құрама мүшесі:

– Бұл жерде жүрген барлық балалардың мақсаты үздік ойыншыны алу, бірінші орын алу, яғни ел үмітін ақтау ғой. 

Еске салайық, кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ұлы дала сындарына биыл 90-ға тарта елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде.