Америка Құрама Штаттарының ат құлағында ойнаған 9 ковбойы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жылқыға міну дағдыларын танытып, күш-жігерлері мен ептіліктерін көрсетуге ниетті. Олар көкпардан жарысқа қатысады. Шетелдік қонақтар түркі елдерінің ұлттық ойынына әлеуметтік желілердегі бейне сабақтар арқылы дайындалғандарын айтады. Ковбойлар «көкпар» мен «көкбөрі» өздерінің ұлттық «радео» ойындарына ұқсас болғандықтан, дайындығымыз жақсы дейді. Американдық спортшылар байрақты дода тартысында жергілікті жылқыларға мініп, лайықты нәтиже көрсететіндеріне сенімді.
Скотт Циммерман, көкпардан АҚШ құрамасының капитаны:
– Көшпенділер ойындарына үшінші рет қатысып жатырмын. Бір рет көкпар ойнасаң, елітіп кетесің. Бұл ойын мені толығымен баурап алды. Сондықтан кезекті рет оның қызығына бөлену мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымыз. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жету бұл – арман және біз оны жүзеге асыруға тырысамыз.
Лэдд Хауэлл, көкпардан АҚШ құрамасының капитаны:
– Мен бабымда болу үшін күнделікті ат спортымен айналысамын. Онда біз көкпар ойнамаймыз, бірақ біздің жаттығуларымыз осы ойынға өте ұқсас. Қазақстан мен Қырғызстаннан келген достарымыз бізді үнемі қолдап тұрады. Олардың жаттығуларын зерттедік. Бұл спорт түрі мұрагерлерінің деңгейіне жету үшін дайындықты 10 есеге үдетуіміз керек.