Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары этноспорт түрлері бойынша өткізілетін ең ірі халықаралық шараға айналды. Түркі халықтарына тән дәстүрлі жарысқа төрткүл дүние көз тігіп қана қоймай, өздері қатысуға әуес. Бұған биылғы дүбірлі тартыс дәлел. Астанаға жер-жаһаннан 90 тарта елдің 2 мыңнан астам спортшысы жиналды. Араларынан танымал дала ойындарынан бөлек, арқан тартыс, аударыспақ, құсбегілікке дендеген, тіпті көкпар тартып жүрген алыс шетелдердің азаматтарын кезіктіру ғажап емес.
Ғани Ахметбаев, көкпардан бас төреші:
- Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 9 мемлекеттен көкпардан құрама командалар келді. 104 спортшы тіркеліп, мондаттық комиссиядан өтті.
Қазақ халқының дәстүрлі садақ ату мәнерін меңгеруге ниетті шетелдіктердің қарасы қалың. Жалпы, жебе тартудан бабын сынауға 33 елдің 180 өкілі жиналды. Нысананы дәл көздегендердің қатарында еуропалық қарт мергендер де бар.
Герреро Гальего, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы, Испания:
- Испаниядан арнайы садақ ату жарысына қатысу үшін келдік. Жұбайым Соледатпен осы спорт түрімен әуестенгенімізге 12 жылдай болды. Екеуімізде 80 жасқа таяп қалдық. Шама келсе алдағы уақытта Қазақстанда өтетін осы текті шаралардан қалмауға тырысамыз.
Қазақ қызы Арай Кәкімжанова көшпенділер ойынына Италия елінің намысын арқалап келген. Ол осыдан 4 жыл бұрын шетел асып тұрмыс құрған. Жары да садақ атудан кәсіби спортшы.
Арай Кәкімжанова, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы, Италия:
- Көшпенділер ойындары Астанада болады дегенде бізге ой келді. Біз неге Италия халқын жинап апармаймыз деген. Жеті садақшы келді, екеуі әйел және бесеуі ер адам. Пута, Қалқан, Жамбы ату нысаналары және олардың ережелері Италиядағы садақ ату ережелерінен өте ерекше. Мен осындай тәжірибе алуға келіп отырмын.
Ең алғаш рет асауға тұсау салып, жылқыны қолға
үйреткен Ұлы дала өркениеті – түрлі мәдениетті тоғыстырған алтын көпір.
Көшпенділердің бүгінгі мұрагерлері сол сабақтастықты заман ағымына сай жалғап
келеді. Бұның бірі – игі дәстүрге айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары.