Жамбы ату бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшелері анықталды

Күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жамбы ату спорты бойынша Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар құрамы анықталды. Ұлттық құрама сапында ат үстінде нысана көздейтін 4 спортшы іріктелді. Ал оған еліміздің түкпір-түкпірінен 10 адам қатысты. Сайдың тасындай таңдалып алынған мергендер мажар, азиялық және түрік стильдерінде бағын сынап көрді.

Бүгінде жамбы атушылар оқу-жаттығу жиындарында дайындалып жатыр. Оның соңғысы Астанада 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында өтпек. 

Ералхан Айкөз, жамбы ату бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:

– Іріктеу сайыстары өте тартысты өтті. Ал енді біз алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алтын алу үшін барымызды саламыз. Ел намысын абыроймен қорғауға уәде беремін. 

Біздің мақсатымыз – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу болды. Іріктеу өте әсерлі өтті. Ел намысын абыроймен қорғап, жеңіске жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз деп ойлаймын. 

Елдос Бадашев, жамбы ату бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Дайындығымыз өте жоғары деңгейде. 70-80% дайынбыз деп айта аламын. Әлі жұмыс істеу керек тұстарымыз бар. Көшпенділер ойындарына 4 спортшымыз жолдама алды. Олармен ары қарай дайындықты қыздыра түсеміз. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт үшін Олимпиада деп айтсақ та болатын шығар. 

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8 мен 13 қыркүйек аралығында Елордада өтеді. Бұл додаға 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жалпы, бұл бәсекеде 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы ойнатылады.