V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бір айдан астам уақыт қалды. Байрақты бәсеке өтетін Астана қаласында қазір қызу дайындық жүргізілуде. Бірқатар спорттық нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Ат спорты сайыстары өтетін «Қазанат» ипподромының сыйымдылығы бұған дейін 2 жарым мың адам болса, енді 10 мың көрермен аламанды алаңсыз тамашалай алады. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында ұлттық күрес, жекпе-жек және халық ойындары бойынша жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өтеді.
Доданың ашылу салтанатын өткізуге бір мезетте 30 мыңнан астам адамды сыйдыра алатын – Астана арена таңдалды.
Нұрдәулет Құрбанбекұлы, Астана қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
– Барлық сала, барлық бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, абаттандыру, асфальт салу, ішкі әрлеу, инженерлік жүйелер бойынша адамдар бөлініп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, 500 астам адам жұмыс істеп жатыр. Бізге мерзім берілген. 20 тамыз жұмысты аяқтап, 23 тамыз көшпенділер ойындарына арнайы тапсыруға дайындық жүріп жатыр.
Қыркүйек айында елордаға 2000-нан астам спортшы мен ресми делегация келеді деп күтілуде. Бұған дүбірлі доданы тамашалауға шартараптан жиылатын жанкүйер мен көрерменді қосыңыз. Аз отырып, көп сынайтын меймандардың мініне қалмас үшін жатын орны, ас-суы мен мініс көлігі сынды барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етудің қамы жасалып жатыр. Бас қаладағы 272 қонақ үй қызмет көрсетуге сақадай сай. Бұдан бөлек Астана қаласы мен маңындағы көрнекі орындар мен тарихи нысандар туристерді қабылдауға әзір.
Тілеужан Өмірұзақ, Астана қаласы әкімдігі Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы туризмді дамыту бөлімінің басшысы:
– 123 туристік нысан бар. Олардың барлығы туристерді күтіп алуға сақадай сай дайын тұр. Одан бөлек, шетелдік туристер үшін «Easy Travel» деген халықаралық тұғырнама бар. Кез келген адам 6 тілде онлайн-гидті тыңдай алады. Айналасында қандай көркем ғимарат бар, туристік нысан туралы толық ақпарат ала алады.
Естеріңізге сала кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 89 мемлекеттің өкілі 21 спорт түрінен сарапқа салынатын 97 медаль жиынтығы үшін бәсекеге түспек.