Ә дегеннен-ақ, Қазақстан құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға шықты. Жарыс күні басталғанда Жамбы атудан франциялық Рафаэль Малет топ жарып, өз құрамасына бірінші алтын медаль сыйласа, артынша, Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмеді. Осы уақытта 14 алтын, 3 күміс, 8 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы өзгелерден оқ бойы озық тұр. Отандастарымыздың әсіресе аударыспақ пен қазақ күресінде бәсі биік тұр. Одан кейін көкпар және көк бөріден жарыс жолына басты фавориттер – Қазақстан құрамасы шықты. Көкпардан алғашқы ойында Қазақстандықтар Өзбекстан құрамасын 16-0 есебімен ойсырата жеңсе, көк бөріден АҚШ құрамасын 18-0 есебімен тас-талқан етті.
Айта кетсек, қандас балуандар Моңғолия және Қытай құрамаларының сапында да жеткілікті.
Ескермес Ілиясбекұлы, көкпардан Қытай құрамасының бас бапкері:
– Осы жолы қатысып жатқан 9 елдің ішінде Қазақстан мен Қырғызстан үздік командалар – чемпиондар. Тәжірибесі мол, жігіттері мықты. Азаматы мен қазанаты сай келген. Бұлар мықты командалар. Осыларға қарап үйренеміз. Біз де: «Болмасаң да, ұқсап бақ», - демекші, барынша тырысамыз.
Айта кетейік, 2-күннің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте екінші орында Қырғызстан спортшылары келе жатса, үздік үштікті Ресей құрамасы түйіндеп тұр. Өзбекстан төртінші орынға табан тіреді. Ал, Франциялықтар 1 алтын, 1 қола медальмен бестікке ілінді.