Бүгін - 26 шілдеде, Франция астанасында төрткүл
дүние көз тіккен XXXIII Жазғы олимпиада ойындарының ашылу рәсімі өтеді. Бұл салтанатты
шара бұрынғыдан өзгерек. Себебі, алғаш рет спортшылардың дәстүрлі шеруі
стадионда емес, басты су артериясы - Сена өзенінде ұйымдастырылады. Онда әр
делегация жеке қайықпен жүзіп өтеді. Спортшылардың шеруіне 206 елден 10 мыңнан
астам адам қатысады. Олимпиаданың ашылуына 120-ға жуық мемлекет басшысы,
монарх, үкімет басшылары, сондай-ақ 300 мыңнан астам көрермен куә болады деп
күтілуде. Арнайы мақсаттағы күштерді қоса алғанда, 45 мыңға жақын полиция
қызметкері Париж көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Барлығы 32 спорт
түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеде Қазақстан 25
додаға қатысады. 80 спортшымыз ел намысын қорғамақ. Жазғы олимпиада ойындарының
ашылу салтанатында жеңіл атлет Ольга Сафронова мен боксшы Асланбек Шымбергенов
еліміздің туын көтеру құрметіне ие болды.