Бүгінде 89 мемлекет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатынын растады. Еске сала кетейік, Ұлы дала тартыстары биыл Астанада 8-13 кыркүйек аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасының жартысын қазақтың, ал қалғанын түркітілдес елдердің ұлттық ойындары құрамақ. Жалпы спорттың 21 түрінен үздіктер анықталады. Бұл жөнінде салалық ведомство өкілдері мәлімдеді.
253 млн теңгенің жалпы жүлде қоры тігіледі. Қаражат жекелей және командалық сындарда сарапқа салынады. Мәселен көкпар мен көк бөрі жеңімпаздарына 10 млн теңге тағайындалады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлері 500 мың теңгеден алады. Жалпы жарысқа қатысушылар елорданың 7 негізгі спорт нысанында бақ пен бап таластырады. Дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімі Астана арена алаңында өтеді.
Наиль Нұров, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы:
– Ауқымы мен маңызы жағынан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының еліміздің бас шаһарының басты спорт алаңында ашылуы орынды. Барлығы 2 мыңнан астам спортшыны қабылдауға дайынбыз. Бүгінге дейін 89 мемлекет жарысқа қатысатынын растады. Сонымен қатар, шетелдік және ішкі туристерді қоса алғанда жүз мыңға тарта қонақ ойындарды тамашалауға келеді деп күтілуде.