Қазақстанда «Ұлы дала жорығы» Халықаралық марафон-бәйгесі басталды

Қазақстанда Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Бәйге еліміздің солтүстігіндегі Ботай мәдениеті ошағынан бастау алып, Астанада мәресіне жетеді. Шабандоздар жалпы 500 шақырымды еңсереді. Жарысқа ОАР, Иран, Түркия, Қырғызстан, Ресей және Мажарстаннан 8 шетелдік команда, сондай-ақ 9 қазақстандық команда қатысуда. Олардың арасында екі команда тек қыздардан құралған.


Сымбат Матайқызы, шабандоз:

- Бет алысымыз күшті, атым да мықты. Өздеріңіз көріп тұрғандай гүбірге тұрмай тұр. Қарсыластарым да жақсы. Бұрыннан қатысып жүрген, өзім білетін «Томирис» командасы бар. Менің атым бұрын осындай ұзақ шақырымға шауып жүрген ат. Жүздерге, барлығына. Жақсы орын алып жүрген аттардың бірі.

Мейірбек Әлімбек, шабандоз:


- Алматы қаласынан Қазақстанның намысын қорғауға келіп жатырмыз. Аттарымыз тыңғылықты дайын. Көктемде 500 шақырым отбор өткен. Ол жерде үшінші орын болып келдік. Қалған аттарымыз барлығы дайын. Әдемі, балалардың да бет алысы жақсы. Ұтамыз деп ойлап жатырмыз.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафон-бәйге сиреп бара жатқан жылқы тұқымын жаңғыртып, әлемдік деңгейде танымал етуге бағытталған. Жарысқа Адай, Найман, Көшім, Әулие ата, Қостанай және Жетісу тұқымдары қатысады. Бәйгеде оза шауып, үздік атанғандар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.


Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

- Биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өтейін деп жатыр. Енді бұйырса, біз, оны ары қарай жалғастырамыз деген үлкен ниетіміз бар. Осы «Ұлы дала жорығының» марафон-бәйгесін Ұлттық спорт  қауымдастығы үш жылдан бірге қолдап келе жатыр. Ұлы дода абыроймен өтсін деген тілектеміз. Біздің мемлекетіміздің намысын бүгін қорғайтын шабандоздарымызға сәттілік тілейміз.