Премьер-Министр Париждегі XVII Паралимпиада ойындарының қарсаңында Қазақстан құрамасының мүшелерімен кездесті. Олжас Бектенов спортшыларға мемлекеттік туды табыс етті. Оны еліміздің спортшылары Пара ойындарының ашылу рәсімінде салтанатты түрде алып жүреді. Ту ұстау құрметі отырып ойнайтын волейболдан Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетовке және пара оқ атудан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиеваға бұйырды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов ұлттық паралимпиадалық құрамаға табыс тіледі. Өз кезегінде спортшылар да жеңіске жетуге бар күш-жігерлерін салатынын жеткізді.
Еске салайық, жазғы Паралимпиада ойындарына 44 қазақстандық спортшы қатысады. Олар спорттың 9 түрінен өнер көрсетеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Пара ойындар бұл – жай ғана спорт емес, бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең үздік пара спортшылардың басын қосатын спорт алаңы. Сондықтан төрткүл дүние көз тіккен паралимпиада ойындарында спортшыларымызға сәттілік тілейміз. Көк байрағымыз мемлекетіміздің ең басты рәмізі ғана емес, асқақ рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, ерлік пен елдігіміздің нышаны. Сіздерден жоғары нәтиже мен жарқын жеңістер күтеміз. Еліміздің көк туы тек биіктен көрінсін.
Бауыржан Сартаев, отырып ойнау волейболынан ұлттық құрама капитаны:
– Париж паралимпиадасына кетіп бара жатқан жайымыз бар. Осы уақытқа дейін қаншамы оқу-жаттығу жиындарын өткіздік, осыған дейін бар үйренгенімізді сол жерде барымызды салып, байрақты бәсекенің биік шыңынан көрінеміз деген ниеттеміз.