V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ең тартысты әрі көрнекті бәсекесінің бірі – қазақ күресі. Қазір еліміздің балуандары қызу дайындық үстінде. Спорттың бұл түрі бойынша 8 спортшымыз бақ сынасады. Солардың бірі – Мейіржан Берекетов. Ол – 15 жыл бойы жауырыны жер иіскеп көрмеген тәжірибелі балуан. Мейіржан 60 кг салмақ дәрежесінде татамиге шығады. «Қызылжар арландары» клубында жаттығатын спортшыға бапкерлері мен әріптестері тілеулес болып, зор сенім артып отыр.
Алтынбек Аусағитов, спорт клубының директоры:
– Біздің балуан Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына осы спорт түрінен қатысқан. Онда қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығасына байлаған. Биыл ол Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, осы жарысқа жолдама алды.