V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мыңнан астам ерікті жұмыс істейді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мыңнан астам ерікті  жұмыс істейді

Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 1300 ерікті қызмет атқарып жатыр. Жалпы 4 жарым мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан және Гана Республикасынан ниет білдіргендер бар. Еріктілердің алдында қонақтарды қарсы алу, ақпараттық сүйемелдеу және басқа да ұйымдастыру жұмыстарымен айналысу міндеті тұр. Олар киім-кешек, тамақ, көлік және интернет сынды барлық керек-жарақпен толық қамтамасыз етілді. Қазақстанға алғашқылардың бірі болып 10 қырғызстандық ерікті аяқ басты.  

Саулет Абуов, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясының еріктілермен жұмыс бөлімінің бас маманы: 

– Волонтерлерді іріктеу бізде қаңтар айының соңынан басталды. Барлық университет, колледж тіпті волонтерлердің қатарында үлкен кісілер де бар. Осы Астана қаласындағы ұзақ белсенді өмір сүру орталығының еріктілері бар. «Күміс» еріктілер дейді ғой. Сол волонтерлер де біздің қатарымызға қосылған. Жалпы еріктілерді біз шет тілдерін меңгеру, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын жетік білу бойынша іріктедік. Себебі қазақтың мәдениетін, қонақжайлығын көрсету осы еріктілер арқылы жүзеге асырылады. 

Ербол Бахтиярұлы, ерікті, Қырғызстан:

– Менің волонтер болып жүргеніме 4-5 жылдай болды. Біз түрлі игі іске барынша атсалысып, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайынбыз. Мұндай халықаралық шаралардан шет қалмауға тырысамыз. Бізге арнайы киім мен керек-жарақтың бәрі беріліп, шапан кигізілді. Барлығы көңілімізден шығып жатыр. 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына еріктілерден бөлек 150 медицина қызметкері мен 50 ветеринар жұмылдырылған.