Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалуда

Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалуда

V Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарына қатысатын Қазақстанның Ұлттық Құрама командасы дайындықтың ақтық кезеңіне көшті. Қыркүйек айында, Астанада өтетін дүбірлі додада 200-ден астам спортшы ел намысын қорғайды. Қазір ойыншылар әр аймаққа бөлініп, соңғы дайындықтарын пысықтауда. 

Мәселен, Көкшетау маңында асық атудан құрама, Астана ішінде зияткерлік ойын командалары, ал Алматы облысында ат спортынан сайыскерлер жаттығуда. Қазақтың Ұлттық ойыны – көкпар бойынша өтетін бәсеке олимпиададан кем болмасы анық.

Көпшілік әсіресе, Қазақстан мен Қырғызстан арасында өтетін дербиді асыға күтуде.

Ақылбай Манкеев, Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Аттарымыздың барлығын дайындап келдік. Енді осы жолы тек қана атпен жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда құраманың дайындығы жақсы. 

Әділет Мамыт, Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

– Көшпенділер ойындарына дайындалып жатқанымызға 2 айдай уақыт болып қалды. Дайындығымыз жақсы. Ел үмітін ақтаймыз деген ойдамыз. Себебі, өз елімізде болып жатыр.

Көшпенділер ойынында биылғы бәсеке өте жоғары болмақ. Біздің спортшылардың тегеурінді қарсыласы бола білетін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай мен Венгриядан үлкен делегация келеді. Атап айтарлығы, тарихында ешқашан көшпенді дәстүрі болмаған Оңтүстік Америка, Венесуэла, Аустралия сияқты ірі мемлекеттердің спортшылары да қатысуға өтінім берген. Сондықтан алдыңғы додалардың ауқымы бұрынғыдан әлдеқайда кең дейді мамандар.  

Айбек Сапарқұл, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясының бөлім басшысы:

– Көшпенділер ойындары осыған дейін 3 рет Қырғызстанда, 4-і рет Түркияда өткізілген кезде, фестивальге ұқсас болды. Яғни, Ұлттық спорттың фестивалі форматында өтті. Қазіргі біздің мақсатымыз – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ресми кешенді спорт түрлерінің дәрежесіне жеткізу. Оның планкасын көтеру. Бізден кейін өткізетін мемлекетке планканы жоғарылатып, одан ары дамытуына жол ашу. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары негізгі 3 бағыт бойынша өтеді. Олар: Ұлттық спорт, ғылым және мәдениет. Бұған қоса қонақтар мен қатысушыларға бұрын-соңды болмаған ерекше бағдарламалар да ұсынылуда. Олардың ішінде: концерттер, ұлттық тағам фестивалі секілді шаралар ұйымдастырылып, еліміздің туристік потенциалы паш етіледі.