V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды

Қазақстан астанасында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды. Ұлы даланың дүбірлі додасын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция осыған қатысты екі жақты меморандум жасасты. Ресми бас демеуші ретінде белгілі отандық компания танылды. Олар өз тарапынан 1 млрд теңге бөлмек. Бүгінде бұл ойындарды ұйымдастыру бюджеті 5,7 млрд теңгені құрайды. Бұған демеушілердің қаражатын қосса жалпы құны 8 млрд теңгеге жуықтайды деп күтілуде.

Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу дирекциясы директорының орынбасары: 

- Ең қомақты сома осы келіп жатқан спортшыларымыз ғылыми жобаға қатысушылар, мәдени жобаларға қатысушы шетелдік қонақтарымызға арнайы билеттер сатып алу үшін қаражат жұмсалатын болады. Бұдан басқа да біздің бас демеушіміз айтып кеткендей тағы ақшаның біразы ұлттық құраманың киіміне арналатын болады және біз еріктілердің ұсынысына байланысты тағы мың еріктіге үш жүз еріктіні қосып алып жатырмыз. Олардың киім-кешегі және әрі-бері жүріп келіп-кетуіне жұмсалатын болады.

Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттық, мәдени және ғылыми бағытта өтпек. Барлығы 21 этникалық спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл жолы негізгі жарыс бағдарламасына алғаш рет арқан тартыс енгізіліп отыр.  

Еркебұлан Ілиясов, Жамбы ату және арқан тартыс федерацияларының президенті:

– Біз бүгінгі күнде жамбы атудан 4 стилден 15 мемлекетті шақырып отырмыз, арқан тартудан да 10 мемлекеттің спортшыларын шақырып отырмыз. Осы екі спорты алып қарасақ, 99 пайыз үміттеміз, арқан тартудан алтын медаль - бірінші орынға, ал жамбы атудан - бірінші, екінші орынға ие боламыз.

Жалпы бүгінде 90 елден 2 мыңнан астам спортшы бап таластыруға ниеттерін білдірген. Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия сынды  елдер жарысқа алғаш қатысқалы отыр. Елордада өтетін ойындарға Дүниежүзілік этно спрот конфедерациясы мен ЮНЕСКО қолдау білдіріп, ЮНИСЕФ ресми серіктес атанды.