Қасым-Жомарт Тоқаев ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовқа III дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. Бүгін Ақордада марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болғанына тоқталды. Жаһандық бәсекеде отандасымыз ел намысын абыройлы қорғап, алтын және қола медаль жеңіп алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
–
Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол
қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті.
Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге ризашылығымды білдіремін.
Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым.
Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет
нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ербол Хамитовтың жетістікке жету
жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды. Президент дәрігерлерге
және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға да ризашылығын жеткізді. Ол сондай-ақ баршаға тең
мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатқанымызды айтты. Оның айтуынша қабылданған
жаңа Конституция еліміздің жасампаз әлеуетінің айқын көрінісіне айналды. Ел параспортшылары
өздерінің тамаша жетістігімен, жарқын жеңісімен мемлекетіміздің мызғымас
құндылықтарын нығайтуға мол үлес қосып жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ата заңда адам капиталын, яғни, білім, ғылым саласын және инновацияны дамыту елдің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Ұлт саулығын сақтауға баса мән берілді. Конституциямыздың басты мақсаты – еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін және жерінің тұтастығын қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Енді алдымызда тұрған өзекті мәселе – Конституциямыздың негізгі қағидаттарын елімізде және шетелде кеңінен түсіндіру және дәріптеу.
Бүгінде мемлекет тарапынан паралимпиада спортына
жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Саланы қаржыландыру көлемі де ұлғайды. Былтыр
елімізде 4 заманауи инклюзивті спорт кешені жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта
осындай орталықтар елдің әрбір аймағында ашылады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз
кезегінде Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Президентке жоғары сенімі үшін
ризашылығын білдіріп, қол жеткізілген жетістіктермен тоқтамауға және
мемлекеттің қоржынына әлі де талай жеңіс
әкелетінін айтты.

