Қазақстанның ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Шорт-тректен ерлер құрамасы тарихта алғаш рет қысқы Азия ойындарында жоғары
мінберге шықты. Отандық конькимен жүгірушілер бес мың метрлік эстафетада бар қарсыласын шаң қаптырып жеке дара келді. Осылайша,
Қазақстан Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан құрлықтық тартыста әзірге 9 медаль еншіледі. Жалпы дүбірлі
доданның үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея және
Жапониядан кейін жалпыкомандалық есепте 4-орынға көтерілдік. Ұлттық құраманың
қоржыны - 1 алтын, 5 күміс және 3 қола медальмен майланды. Майталмандарымыз
шорт-тректен аралас және әйелдер эстафетасында 2 күміс медальді мойындарына
асты. Сондай-ақ, конькиші Евгений Кошкин, шаңғышы Константин Борцов және
фристайлдан аралас команда екінші нәтижеге қол жеткізді. Фристайл-акробатикадан
Аяна Жолдас, командалық спринтте конькимен жүгіруден әйелдер құрамасы және
шаңғышы Олжас Климин үздік үштікті тұйықтады.
Аян Төлеген,
ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің басшысы:
- Әлемнің
ең мықты Жапон, Корея және Қытай құрамаларымен бәсекелестікте алтын жүлдеге ие болдық. Биатлоншыларымыз кемінде екі
бірдей алтын медаль алатынына үміттіміз. Оған қоса, мәнерлеп сырғанаушылар сыны
әлі басталмады. Осы спорт түрінен біздің жас болса да дарынды құрамамыздан да медальдар күтеміз. Сонымен қатар, шаңғы жарыстарын да есептен
шығармаймыз. Коньки тебу спортында бізде тағы да марапаттар боларына
сенімдіміз. Басқа да спорт түрлерінен де тосын сый күтеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

