Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді. Жалпы, жарысқа қатысатын 18 команданың 5-і – Қазақстаннан аттанбақ. Қалғандары – Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка республикасы, Ресей және өзге елдер. Қатысушылар ат үстінде 500 шақырым жүріп өтуі керек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ат марафоны көшпенділер мұрасын насихаттайды. Оларға ерекше тоқтала кетсек: төзімділік, өзара көмек және табиғатқа деген сүйіспеншілік. Бұл додаға жергілікті ипподромда Қостанай облысының шабандоздары дайындалуда. Жуырда олар Солтүстік-Қазақстан облысындағы Ботай қонысына аттанбақ. Тарихы терең жерден басталатын бәйге Астанада аяқталады. Жеңімпаздар көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.
Нұрбол Әбдірахманов, Қостанай облысы Ат спорты федерациясының президенті:
– Бұл – командалық ойын. Оның үстіне, аттардың денсаулығына да мән беру керек. Біз әр спортшыға айтамыз: «Сен бірінші болып мәре сызығын кескеннен, команда жеңіске жетпейді». Әр команданың өзінің тактикасы болады. Бір командалар бастапқыда-ақ қарсыластарынан оқ бойы озып кеткісі келеді. Басқалары аттарының икемделгенін күтіп-бағып, озып кеткендерді қуып жетуге тырысады. Біздің де өз тактикамыз бар. Дегенмен, ол сырды аша алмаймыз.