Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын шетелдіктер тікелей эфирде тамашалады

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары төрткүл дүниенің назарында. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатынан тікелей трансляцияны шетелдік көрермендер де тамашалады. Дүбірлі доданы тағатсыздана күткендердің бірі татарстандық Шейхутдиновтер отбасы. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанұяның бір мүшесі дәл қазір Көшпенділер ойындарына төреші ретінде қатысып жатыр. Олар қазақ жерінде өтіп жатқан спорт жарысының барысын алдағы күндері де үзбей көреміз деп отыр. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Татарстаннан 50-ге жуық адам қатысып жатыр. Олар кореш, қазақша күрес, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен бақ сынауда.

Фаннур Шейхутдинов, Қазан қаласының тұрғыны:

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе қатысушы мемлекеттердің көптігі қуантады. Осыдан бес-алты жыл бұрын әкеміз де бұл ойындарға барған. Содан бері үзбей көреміз. Әсіресе ұлттық ойындардың әруалуандығы қызықтырады. 

Фарид Шейхутдинов, Татарстан Республикасының құрметті жаттықтырушысы:

– Қазақстанда Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өте әсерлі өтті. Бұл жолы өткен тартыстарға қарағанда қатысушы елдердің саны әлдеқайда көп. Сондықтан бәсеке қыза түсетіні сөзсіз. Әр сайыс тартысты боларына сенімдімін. Көшпенділер ойындарының халықаралық маңызы зор. Бұған жарысқа жиналған елдердің саны дәлел.