V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшылары дайындықтарын қыздыра түсті. Садақшылар дүбірлі додада сайыс өтетін алаңда шеберліктерін шыңдап жатыр.
Айта кетейік, осы алаң Көшпенділер ойындарына дайын болған ең алғашқы жарыс орны.
Бақберген Сәлімов, садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:
– Бұл жердің климаты, желі, күн түскеде қалай болады, нысанамыз көрінеді ме деген сияқты, барлығын зерттеп жатырмыз. Жаттығуда қалай еркін атып жүрміз, жарыс алаңында да сол еркіндікті сезініп, жақсы нәтиже көрсету – басты мақсат болып тұр.
Ажар Рахметқызы, садақ атудан ұлттық құрама мүшесі:
– Көшпенділер ойындарына 1 айдан аз уақыт қалғандықтан, дайындығымызды күшейтіп жатырмыз. Енді Қазақ елінің барлық спортшылары алтыннан дәмелі деп ойлаймын. Өйткені өз жерімізде, елімізде, өзімізге күш-қуат беріп жатқандықтан, алтын алуға барымызды салып жатырмыз.
Бүгінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дәстүрлі садақ ату сайысына қатысуға 35 мемлекет ниет білдіріп, өз өтініштерін қалдырған.
Диас Ахметов, Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері:
– Қазір аккредациядан өткеннен кейін нақты мемлекет саны шығатын болады. Бірақ Түркия, Малайзия, Қырғызстан, Венгрия, Ресейдің мергендері өте мықты. Өйткені біз шетелдік жарыстарда оларды көрдік. Бірақ өз жеріміз, өз алаңымыз. Сондықтан бізге бір көмегі тиіп және де осы дайындықтардың арқасында міндетті түрде алтын иеленеміз.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Байрақты бәсекеде барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.