Президент Париж олимпиадасына қатысушыларға мемлекеттік туды тапсырды

Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі сайыс - Париж олимпиадасының басталуына санаулы күн қалды. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы да тас -түйін дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын қорғайтын спорт саңлақтарымен сайыс қарсаңында жүздесіп, құрама мүшелеріне еліміздің мемлекеттік туын тапсырды.

Президент ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан, жеңімпаз боласыздар деп сенемін.

Қазақстан спортшыларының олимпиада ойындарынан құр қол қайтқан кезі жоқ. Бұл жолы да  ел үмітін арқалағандар даңқты жолды абыроймен жалғайды деген сенім мол.

Асланбек Шымбергенов, ҚР Ұлттық құрама командасының капитаны:

- Үлкен жауапкершілік, үлкен мәртебе. Алла қаласа, туымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтуға бар күшімізді саламыз. Лицензия алғаннан бастап Олимпиадаға дайындық жұмыстары басталып кетті. Оның алдында осы лицензия алу үшін де жаттығу жасадық. Енді, Алла қаласа, соңғы оқу-жаттығу жиынымыз қалды. Соны аяқтап, Франция мемлекетіне аттанамыз.

Ольга Сафронова, Азия ойындарының чемпионы:   

Жеңіл атлетика бойынша қазіргі таңда Париждегі олимпиадаға 8 лицензиямыз бар. Алматы облысындағы олимпиада ойындарына дайындық орталығында жаттығып жатырмыз. Негізі дайындық жұмыстары аяқталды. Әр спортшыға олимпиада ойындарына қатысу - үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, біз, әрине, ең жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінеміз деген мақсат қойып отырмыз. Біз, әлемнің ең үздік атлеттерімен бірге жарысқа түскелі отырмыз, негізі, осының өзі жақсы нәтиже. Дегенмен, Париж олимпиадасында еліміздің көк туын желбірету үшін барымызды саламыз.