Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: асық ату және масс-реслинг

Бұл күндері Астанаға төрткүл дүние көз тігуде. Көптің назары Сарыарқаның төрінде қанат жайған ұлы дала дүбіріне ауды. Елорданың спорт алаңдарында ептілік пен зияткерлік қасиеттер сыналатын көшпенді халықтардың ұлттық ойындарынан аламан тартыстар өтіп жатыр. Ой-қабілетті шыңдап, алғырлыққа баулитын көне ойындардың бірі - асық ату. Қазақстанның ұлттық құрамасы алғашқы айналымнан-ақ бабалар мұрасына лайықты мұрагер екендерін танытты. Монғолиялық қарсыластарын 2-0 есебімен таза ұтты. Жалпы асықты алшасынан түсіруге 12 елдің 39 ептісі үмітті. Енді Қазақстан құрамасына Өзбекстан, Испания, Грузия және Венгрия ойыншыларының алдында бабын сынап, шеберліктерін дәлелдеу қажет. Айта кетейік, мажар елінде бұл ойын кең құлаш жайып келеді. Елде асық иіруге ниеттілер қатары өсіп келеді дейді, Венгрия құрамасының мүшесі.

Аттила Вашш, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы:


- Бұл ойын бізде ерте кезден бар. Тек, өкінішке қарай кейіндері  ұмытыла бастап, жаппай ойынаудан қалдық. Көнекөз аға буынның арқасында сақталып, қайта жаңғыра бастады. Қазір бізде Жанаргүл есімді қазақстандық бапкеріміз бар. Ол биылдан бастап венгриялық студенттерді асық ату ойынына үйретіп жүр. Біз талмай жаттығып, өз командамызды жасақтадық. Біз өзбекстандық ойыншыларға есе жіберіп алсақ та, Испаниядан 3-0 есебімен басым түстік. Енді Грузия елімен ойында жеңісті жолымызды үзбеуге тырысамыз.


Елордаға келген әрбір спортшы жеңістен дәмелі. Оның ішінде қажырлы жаттығуларының жемісін татуға масс-реслинг, яғни қазақша таяқ тарту сайыскерлері де үмітті. Мұнда 33 елдің мықтысы өзара күш-жігерін сынауда. Шетінен бәрі білекті. Қатысушылар қарама-қарсы отырып, аяқтарын жарыс алаңын бөліп тұрған тақтаға тірейді. Бастысы таяқшаны өз жағына сүйреу керек. Болмаса, қарсыластың қолынан жұлып алғаны жеңіске жетеді. Таяқ тартысы балуандардың бірінің екі мәрте ұтысына дейін жалғасады. Жүлдегерлер ерлер және қыздар арасында жекелей сындар арқылы анықталады. Ел намысын қорғаған нәзік жандылардың ішінде жүлдеге іліккен қос бұрымдымыз бар. Ольга Душаева мен Тахмина Қожамердиева құрама қоржынын қола алқамен майлады. 

Тахмина Қожамбердиева, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері:

- Бір жыл көлемінде осы спортқа қызығамын. Айналысып жүргеніме жарты жыл болды. Көруге тұрарлық, өте қызықты спорт. Өте мықты қарсыластар болды. Әсіресе, бірінші орын алған қырғыз қызы мықты дайындалып келген. Шын жүректен құттықтаймын.